
Жұмысшы мамандықтары жылы
«SMART BILIM» мектеп-гимназиясында Баишев университетінің ұйымдастыруымен жұмысшы мамандықтары жылын өткізу бойынша «Кәсіби бағдар бүгіннен басталады» атты конференция өтті. Жиында кәсіби бағдар беру орталығының мамандары жұмысшы мамандығының имиджін арттыру, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында баяндама жасады.
Мемлекет басшысы Жолдауында биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осыған орай Бәйішев университеті жыл соңына дейін семинар-тренингтер, конференциялар өткізуді жоспарлап отыр. Мәселен, 2024-2025 жылғы оқу жылында Бәйішев университетінің профессор-оқытушылар құрамы кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында 30-дан астам іс-шара өткізіп, қала мен облыстың барлық мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларымен болашақ мамандықты дұрыс таңдаудың маңыздылығы туралы түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырды.
Жалпы, білім берудегі оқушылар мүдделерінің басымдығы заңнамалық түрде бекітілді. Қазіргі білім берудің негізгі міндеті — әр баланың толыққанды психикалық және жеке дамуы, оның интеллектуалды қабілеттерін ашу. Орта мектепте жоғары оқу орнына дейінгі кәсіби дайындық мәселесін шешудің бір жолы — бейіндік оқыту немесе саралау. Осы орайда кәсіптік бағдар беру орталығының мамандары мектептерде бітіруші түлектерге түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Бітіруші мектеп түлектері мамандық таңдауда үлкен қиындықтарға тап болып жатады. Сондықтан оқушыларға кәсіптік бағыт-бағдар беру — басты мақсатымыз.
Айта кетейік, жыл соңына дейін өңірде «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында бірнеше бағытта іс-шаралар жүзеге асырылмақ. Бұл жұмыстардың ішінде колледждерде халықаралық салалық аккредиттеуден өту, жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша білім беру тапсырысын ұлғайту, жаңа мамандықтарды ашу, жұмысшы мамандықтардың имиджін көтеру сияқты маңызды мақсаттар көзделген.
Ерлан БАЛЫМОВ,
Баишев университеті
кәсіптік бағдар беру жұмыстары
орталығының басшысы.