“Ұлттық тәрбие арқылы харассменттің алдын алу және болдырмау жолдары”



Баишев университеті Жаратылыстану-гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы п.ғ.к., доцент Б.С.Кульбаева мен аға оқытушы, психология магистрі Д.Б.Бекжанованың ұйымдастыруымен “Ұлттық тәрбие арқылы харассменттің алдын алу және болдырмау жолдары” атты облыстық семинар өтті.
Тарқатып айтсақ шараның мақсаты: қазіргі қоғамдағы харассмент мәселесін зерттеу және қазақтың ұлттық тәрбиесі мен мәдени дәстүрлерінің призмасы арқылы оған қарсы тұрудың тәсілдерін ұсыну. Сонымен қатар салауатты тұлғааралық қатынастарды қалыптастырудың маңыздылығын және қоғамның әрбір мүшесіне құрметпен қарауды талқылау болды.
Әлеуметтік маңыздылығы: қоғамда құрмет пен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін өзекті тақырыптар бойынша баяндама жасалып, осы бағытта талқылау жасалуы.
Ұлттық дәстүрлер: зорлық-зомбылық пен харассментке қарсы тұруға көмектесетін моральдық және этикалық нормаларды қалыптастырудағы қазақтың ұлттық тәрбиесінің рөлін ашу.
Алдын алу: жастарды тәрбиелеу және харассменттің алдын алуға бағытталған шараларды талқылау.
Бұл тақырыптың қозғалуына арқау болған Д.Б.Бекжанованың 2023 жылы Мемлекет басшысы тағайындаған “Тәуелсіздік ұрпақтары” гранты негізінде ғылым бағыты бойынша қаржыланып, ғылыми теориялық және практикалық жүргізілген жұмысының нәтижелері.
Сонымен қатар, жобаны кәсіби мамандармен бірлесе талдау арқылы харассментке қарсы тұрудың жаңа жолдарын іздестіру мақсат етілді.

Атап айтқанда, п.ғ.к., доцент Б.С.Кульбаева этнопедагогика төңірегінде жүргізген зерттеулері мен еңбектерінен харассментке қарсы тұру жолдарын көрсетті және ұлттық тәрбиенің харассменттің алдын алу үшін маңыздылығы туралы баяндай отырып, айтылған пайымдарының дәлелін қазақи тұлғаға тән қасиеттерден тапты. Семинарға шақырылған кәсіби мамандар келесідей тақырыптағы өзекті мәселерді жеткізді:

  1. Жұбандықова Меруерт Күнболқызы (Ақтөбе облысы білім басқармасы «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығы директорының орынбасары) осы өткізілген семинардың бүгінгі күн үшін өзектілігі мен қажеттілігі туралы ақпарат берді.
  2. Есенғұлова Мейрамгүл Нұралықызы (педагогика ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті “Жалпы педагогика және білім берудегі менеджмент” кафедрасының қауымдастырылған профессоры (доцент)) Харассменттің мәні мен түрлері және оның салдары туралы шет ел ғалымдарының еңбектерін талдап, ондағы жаңашыл көзқарастарды айқындап көрсетті.
  3. Бақытжанова Шалқия Ауғанбайқызы, Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы аналар кеңесінің мүшесі) қазақтың ұлттық тәрбиесі туралы өмірмен байланыстылық принципін ұстана отырып баяндады және өз тәжірибесіндегі қазақи тәрбиенің көрінісі туралы бөлісті. Сонымен қатар, ол өзі сомдаған театрлық көріністерінің бірін орындай отырып, білім алушыларға терең ой салды.
  4. Кәсіби медиатор, нотариус Успанова Динара Константиновна бұл мәселеге практикалық тұрғыдан көзқарасын білдіріп, харассментпен кезіккен жағдайдағы заң тұрғысынан алдын алу шаралары мен қорғану түрлерін көрсетті.
  5. Ал Ақтөбе облысы білім басқармасының «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының әдіскер психологі Советова Гүлнұр Бүркітбайқызы “Менің ғажайып әлемім” тақырыбындағы тренингі арқылы білім алушыларға жақсы көңіл-күй сыйлады.
    Семинар модераторы пс.ғ.к., доцент А.Ж.Миралиева семинар барысында жүргізумен қатар өзіндік психологиялық ой-пікірлерімен де бөлісіп отырды. Қатысушылар семинар қойылған мақсатына жетті деген ұйғарымға келді, өйткені оның дәйегі білім алушылардан алған кері байланыстың белсенділігі болды. Тақырыптың өзектілігі де жастардың өз көзқарастары мен ой-пікірлерін белсенді жеткізуінен байқалды.
Skip to content