28 қараша күні Алматы қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің ұйымдастыруымен «Жас ғылымды дамыту стратегиясы: проблемадан шешімге» атты республикалық дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараға жоғары оқу орындарының жас ғалымдар кеңестерінің, ғылыми-зерттеу институттарының, өндірістік кәсіпорындар мен корпоративтік сектордың өкілдері қатысты. Бұл шараға Баишев университетінің атынан жас ғалымдар кеңесінің төрағасы В. Балмағамбетова барып қайтты.
Іс-шараның спикерлері қатарында Ғылым комитеті төрағасының орынбасары А.Сембаева, Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті Д.Батрышев және Қазақ-Британ техникалық университетінің Басқарма төрағасы М.Ғабдуллин болды.
Дөңгелек үстел барысында жас ғалымдардың алдынан жиі шығатын жүйелі мәселелер, гранттық қаржыландыру (ГҚ) және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (БНҚ) конкурстары шеңберінде ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар бойынша өтінім беру және ғылыми қоғамдастықты қазіргі шынайы жағдайларға бейімдеу мәселелері талқыланды.




