• Қазақ тілі
  • Русский
  • English

«Орталық Азияда ағылшын тілін жеделдетіп оқыту»

Британ Кеңесінің «Қазақстан мен Өзбекстанда ағылшын тілі оқытушыларының мансаптық өсуін қолдау жөніндегі стратегиялық іс-шараларды күшейту» халықаралық жобасы шеңберінде 9-11 желтоқсанда Л.Н.Гумилёв атындағы ЕҰУ базасында «Орталық Азияда ағылшын тілін жеделдетіп оқыту» атты ауқымды халықаралық конференция өтті.

Жобаны Линкольн университеті арқылы Британдық Кеңес қаржыландырды, оны профессорлар Оланреванджу Олайе (Ларри) және Элисон Раби белсенді түрде бастады және жүзеге асырды. Іс – шара Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан университеттерімен бірлесіп, жоба серіктестері – Линкольн университеті (Ұлыбритания), Л.Н.Гумилёв атындағы ЕҰУ, Баишев университеті, Әбу Райхан Беруни атындағы Үргенш мемлекеттік университеті (Үргенш, Өзбекстан) және Бішкек мемлекеттік университеті (Қырғызстан) бірлесіп өткізілді.

Үш күндік бағдарлама аясында Л.Н.Гумилёв атындағы ЕҰУ және  А.Құнанбаев атындағы № 87 мектеп-гимназиясы базасында халықаралық конференция, семинар, нетворкинг-сессиялар өтті, бұл қатысушылар арасында кәсіби байланыстарды дамытуға және тәжірибе алмасуға ықпал етті.

Қатысушылар мен қонақтардың салтанатты құттықтауын Қазақстандағы Британ Кеңесінің директоры Роберт Тейлор айтты. Іс-шараны жетекші мамандар, соның ішінде доктор Ларри, ф.ғ.д., профессор Б.Х.Кусанова және ф.ғ.к. Ж.А.Бейсембаева жүргізді. Жобаның мақсатты аудиториясына жоғары оқу орындарының оқытушылары, мектеп мұғалімдері, жетекші әдіскерлер, докторанттар, бакалавриат және магистратура студенттері кірді.

Жаратылыстану-гуманитарлық ғылымдар Жоғары мектебі «6В017 Тілдер және әдебиет бойынша мұғалімдерді даярлау», «7М017 Тілдер және әдебиет бойынша педагогтерді даярлау» бағыттары бойынша білім беру саласындағы профессордың ассистенті, магистр Г.Н.Туржанова конференцияға белсенді қатысып, «Көпмәдениеттік және көптілділік контекстінде қарым-қатынастың грамматикалық құралдарын оқыту» тақырыбында зерттеу ұсынды. Сондай-ақ конференцияда Баишев мектеп-лицейінің мұғалімі Амангелдіқызы Арайлым баяндама жасады.

Бұл конференция ағылшын тілі оқытушыларының біліктілігін дамыту және білім беру саласындағы халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту үшін маңызды оқиға болды.

Skip to content